«Ұмытылмас даңқ»

Аз емес зар жылаған, егілген жан,
Аз емес өшкен өмір, төгілген қан.
Кеудеге зілді қасірет салды соғыс.
Қирады талай арман көңілге алған.

        Жеңіс күні - әр адамды толқытатын ерекше, аса қастерлі де айтулы күн. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні - соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына бас иіп, арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан да құрметпен қарап, олардың жауынгерлігіне және ерліктеріне тағзым ететін күн. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген ағаларымыз бен бабаларымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамыз. Соғыс майдангерлері Отанға деген шын сүйіспеншілігімен, ерліктерімен, қайсарлығымен, жігер-қайратымен, ел қорғау сезімімен келер ұрпаққа үлгі болды. Еліміздің тарихында, жалпы әлем тарихында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі өшпес ерліктерімен мәңгілікке жазылып қалды. Қан майдан, сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» -деген ұранмен шайқасқан, бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың өтелмес парызы.

       Жеңіс күні  – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігінің дәлелі ретінде «Балқаш қаласының мүгедектер қоғамы» ҚБ-де  «Ұмытылмас даңқ» тарихи саяхаты өтті. С.Сейфуллин атындағы Орталық қалалық кітапхананың қызметкері Арзымбетова А., жүргізуші ретінде Ұлы Отан соғысы жайлы тарихи деректермен бөлісе отырып, соғыс жылдарындағы әндерді қайта еске түсірді. Қатысушылар ұлы майданда қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс–шара көрермендерін өз Отанын қорғаған жауынгерлерге деген шексіз алғыс пен өзінің қаһарман халқы үшін мақтаныш сезімдері толқытты.

      Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы үшін бұрын - соңды бастан кешкен барлық соғыстардың ішіндегі ең ауыры болды. Сол сұрапыл от кешуде арым жанымның садағасы деп ұлт намысын қолдан бермеген қандастарымыз аз болмаған. А.Гайдар атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасында  өткен «Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен батыр» ақпарат сағаты солардың бірі де бірегейі, жау ұясы Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс жалауын алғаш тіккен жан - Рақымжан Қошқарбаевтың 95 жылдығына орай өткізілді.
Балалар батырдың тарихта қалған жауынгерлік ерліктері туралы үлкен ықыласпен тыңдап, «Рахымжанның өмір жолы» бейнефильмінен үзінді тамашалады. «Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен батыр» кітап көрмесінде Р.Қошқарбаевтың өмірі мен қызметі, жауынгерлік ерліктері жарияланған кітаптар ұсынылып шолу жасалды.

       Соғыс ... Бұл туралы кинофильмдер мен кітаптардан, ата-әжелеріміздің наградаларынан білеміз. Соғыс бәріне әсер етті. Бір жарым миллион адам Қазақстаннан майданға аттанды. Бұл біздің әкелеріміз бен аталарымыз. №1 кітапхана–филиалы 31765 әскери бөлімімен бірлесе Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдығына арналған «Қазақтың қайсар қызы» тарихи сағаты өтті. Іс-шара қонақтары 31765 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің   бастығы Н.М.Калымбетов, Абай атындағы №2  лицей оқушылары  З.Ақылбекова, Б.Мүбәрак қатысты. Тарихи сағатта Әлияның  өжеттілігі, қайсарлығы, ерлігі мен тағдыры туралы әңгімелеп, жаумен шайқаста өзінің ептілігімен ерекшеленгендігі туралы айтылды. Шара барысында «Әлия» әнінің фонограммасы тыңдалып,  З. Ақылбекова «Әлия» монологын мәнерлеп оқыды. Әлия Молдағұлова қазақ халқының мақтанышы! Әлия - біз үшін өнеге, тарихта алтын әріптермен жазылған есім. Отан үшін отқа түскен  батырдың есімі біздің жадымыздан мәңгі ұмытылмақ емес.

         №2 кітапхана-филиалында Ұлы Отан соғысына арналған  «За нашу жизнь сражались,погибая помнили о нас» патриоттық  иллюстрациялық көрмеге шолу жасалды. Көрмеге Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың қосқан үлесі, олардың батырлық ерліктері туралы материалдар, сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін қазақ батырларының қаһармандықтарын баяндайтын кітаптар қойылып, бұл күні келген кітапхана пайдаланушыларына шолу жасалып отырды. Соғыс туралы кітаптар, жастардың дүниетанымын өзгертіп, елдік тарихын, ерлік дәстүрін қастерлеген, қаһарман әкелер ерлігі мен рухына деген құрметтің көрінісі.  

        №3 кітапхана-филиалында «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» ерлік сағаты өтті. Іс-шара барысында соғыс туралы бейнефильмдер, жерлес ардагерлердің фотосуреттері көрсетіліп, олардың жауынгерлік ерліктері мен алған марапаттары туралы, өз Отанының игілігі үшін тылда еңбек еткен адамдар, олардың майданға көмегі, нағыз ерлік жасағандығы туралы айтылды. Соғыс жылдары қандай алыс кетседе біз әрқашан батырларымыздың ерліктерін есте сақтап, жыл сайын сиректеген ардагерлерімізге құрмет көрсетеміз.

        №4 «Сырлас» кітапхана-филиалында «Әрқашан күн сөнбесін!» тақырыбында эсседен қалам тербеп, тәрбиелік, танымдық маңызы зор байқау ұйымдастырылды. Бұл шараға «Зияткер» мамандандырылған мектеп-интернатының 7 сынып оқушылары қатысты. Жазылған жұмыстардың қай-қайсысы да жеңіске лайықты, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастырылған, әсерлі, жүйелі. Шараға қатысып, белсенділік танытқан оқушылар мен олардың жетекшісіне алғыс айтылып, 3 үздік жұмыс іріктелді. Жеңімпаздарымыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар осылар болар деп Ежебаева Айзада 1-ші дәрежелі дипломмен, Амангельдиева Аделия 2-ші дәрежелі дипломмен, Мусин Абылайхан 3-ші дәрежелі дипломмен марапатталды.

       Қоңырат мөлтек ауданының №5 балалар кітапхана-филиалы ЖББ №25 орта мектебінің 6-7 сынып оқушыларымен «Ұрпақтар ұмытпайды – Ұлы жеңіс» тарихи танымдық кеш өткізді. Балаларға соғысқа қатысқан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерліктері жайлы ақпарат берілді. Кеш барысында Отан қорғаушылардың ерліктері туралы өлеңдер оқылды, соғыс туралы кітаптар көрмесі үлкен қызығушылық тудырды. Өткізілген іс-шара өскелең ұрпақ еліміздің өткеніне құрметпен қарайтынын көрсетті.

 


Вернуться назад

2018 (с) Балқаш қаласының А. Гайдар атындағы орталық қалалық балалар кітапханасы..